Жаңалықтар
3 қыркүйек М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қызғалдақ» алаңында «Білім күні» мейрамына орай жылдағы дәстүр бойынша үлкен іс-шара өткізілді. Аталған іс-шараға университетіміздің жаңадан қабылданған 1 курс студенттері, оқытушы-профессор қауымы және Оңтүстіктің өңірдің ірі жұмыс берушілері қатысты.
Іс-шараны университетіміз ректоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Д.П. Қожамжарова ашып, Білім күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде 75 жылдық тарихқа ие оқу ордасының мемлекетіміз дамуындағы орны, жетістіктері және алған қойған мақсаттары туралы айтты. Мемлекеттік саясат, түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда университетіміздің алдыңғы қатарларда болуы үшін жастардың алатын орнына ерекше тоқталды.
1 курс студенттеріне студенттік билет беру және студенттердің ант қабылдау рәсімдері өткізілді. Мейрам өңіріміздің белгілі әнші және бишілердің қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Аталған іс-шараға «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебі де белсенді қатысты. Жоғары мектептің студенттері қатысқан мейрамның әсері олардың жадында өмір бойы сақталады деген сенімдеміз.